Түрік Халықтарының Бүкіләлемдік Ассамблеясы Алматы қаласында 2009 жылдың 28-29 cәуірінде өтетін “Өркениеттер диалогындағы түркі әлемінің рөлі” атты түрік елдерінің халықаралық симпозиумында қабылданатын
“Алматы бастамасы”
декларациясының варианты ретінде
Симпозиумның ұйымдастыру тобына төмендегі жобаны ұсынды.
Жоба:
“Алматы бастамасы”
декларациясы
Біз, “Өркениеттер диалогындағы түрік әлемінің рөлі” симпозиумына қатысушы түрік елдерінің мемлекеттік, халықаралық, қоғамдық ұйымдарының өкілдері мен қоғам, мәдениет қайраткерлері,
ғаламшар қоғамы бір қауымдастыққа айналып, бірге өмір сүрудің,
өзінің дамуының үстіміздегі дәуірі шегіне жетіп, кезекті кезеңге көтерілудің,
жолдарын қарастыруда екенін,
оларды анықтауда өркениеттер диалогы басты рөл атқаратынын,
тарихи тағдырының ерекшеліктеріне байланысты, бүгіндері өркениетін мақсатына сай жаңғырта, жайнату қажеттілігі әсіресе түріктер үшін ең басты өмір талабы болып тұрғанын, бұған қол жеткізбесек түрік әлемінің өркениеттер диалогындағы рөлі де тек ұйымдастырушылық пен пікір айтудан аспастығын,
түрік әлемінің, бұл дүниеде өзінің орнын сақтатып, мығымдатып, алдыңғы шепке жетелетіп, өркениеттер диалогына жол көрсетіп, ықпал етерлік деңгейге өркениетін өркендетер мүмкіндігі барлығын,
мұндай өркениетті түріктердің өзінің мыңдаған жылдық тамыры бар мұраларына сүйене отырып, адамзаттың озық ойларын қамтыған заманави руханиятқа, тартымды да тиімді әлеуметтік-экономикалық модельге негізделіп қана қалыптастыруы тиісті екенін,
жекелеген түрік елдерінің, атап айтқанда Қазақстан бұл ғасырдың табалдырығында Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында “Мыңжылдықтар: Қортындысы мен Болашағы” халықаралық форумын өткізіп, “Әлемдік және дәстүрлі діндердің” құрылтайын ұйымдастыруды тұрақты шараға айналдырып, Түркияның Біріккен Ұлттар Ұйымының “Өркениеттер альянсы” форумының өткізілуінде басты рөлдің бірін атқарып жүргенін,
түрік халықтарының басқа да ұйымдары мен көреген ұлдары адамзаттың мәселелерін жалпығаламшарлық деңгейде шешуге ұмтылып отырғанын,
мұндай жаңғырған өркениет қалыптастыруда, бытыраған түрік әлемінің біртұтас мәдени кеңістігін сомдандырудың шешуші маңызы бар екенін
ескере отырып,
Біз, төмендегі декларацияны түрік халықтары мен бүкіл әлем алдындағы өзіміздің парызымыз санап, оны “Алматы бастамасы” деп атап, қабылдап:
1. Түріктердің байырғы отаны Қазақстанның “Әлемдік және дәстүрлік діндер” лидерлерінің басқосу алаңына айналып, Түркияның Біріккен Ұлттар Ұйымының “Өркениеттер альянсы” форумын ұйымдастырушылардың бірі болып атқарып отырған өркениеттер диалогындағы талпыныстарын, бұл бағыттағы үлкен жетістіктердің басы екенін паш ете отырып, оларды идеялық, ғылыми негізде дамытып, халықтарымыздың санасына жеткізе, қоғамдық базасын кеңейте түсіп, жан-жақты қолдауға,
2. мыңдаған жылдық тарихы бар түрік өркениетін болашақ талабына сай руханият пен тиімді әлеуметтік-экономикалық модельге негізделіп, басқаларға үлгі боларлықтай етіп жаңғыруына,
3. жаңғырған өркениетіміздің өркениеттер диалогына, одан туындауы мүмкін жалпыадамзаттық жаңа өркениетке жол меңзеп, ықпал етерлік деңгейге көтерілуіне,
4. бұл мақсаттарға жетуге негіз болар жалпытүріктік мәдени кеңістікті – оның өзегі о[1]ртатүрік, яғни анатүрік тілін жасап, игілікке пайдаланып және мәдениет, спорт, ғылым салаларында жоспарлы шараларды орындай отырып –, қалыптастыруға атсалысатынымызды,
5. бұл бағытта барлық прогрессшіл күштермен ортақтасуға,
6. қабылданған декларацияны тиянақты түрде жүзеге асыру үшін негізгі мүдделі ұйымдар мен жеке тұлғалардан тұратын тұрақты қоғамдық комитет пен оның жанынан арнайы қор ашуға бел буып, бағыт алғанымызды,
салтанатпен жариялаймыз.
Және де барлық түріктерді, мәдениет пен қоғам қайраткерлерін, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарды, түрік мемлекеттерін, барлық түрікшілдер мен жер жаһанның әділ де, адамгершілікті, үйлесімді қоғамға айналуын армандайтын барлық адамдарды мұны қолдап, қатысуға шақырамыз.
Түрік Халықтарының Бүкіләлемдік Ассамблеясының атынан,
ұйымның президенті, академик Ерментай СҰЛТАНМҰРАТ
Мұндай декларацияны, Ассамблеяның пікірінше ТүрікСОИ халықаралық ұйымы, Қазақстан республикасының мәдениет және ақпарат министрлігі, Бүкіләлемдік Түрік Халықтары Ассамблеясы, Түрік мемлекеттері мен халықтарының достастық пен ынтымақтастық форумы, Түрік жастарының халықаралық ұйымы, Қазақстанның мәдени саясат және өнер тану итституты, қызығушылық танытқан бұқаралық ақпарат құралдары бірінші болып, қол қойып, болашақта басқа да ұйымдар қосылуы мүмкін.
Әрине жұмыс жемісті болуы үшін бұл декларацияға бірте-бірте барлық түрік елдерінің мәдениет жөніндегі мемлекеттік органдары, ғылыми-зерттеу мекемелері мен басқа да ұйымдары қосылғаны абзал.
Ал бұл Декларацияда аталған түрік әлемінің мәдени кеңістігін қалыптастырумен шұғылданатын комитеттің Баку де, немесе Асхабадта орналасқаны орынды болар еді. Сонымен қатар бұл кеңістікті құруда үлкен рөл атқаратын ТүрікСОИдың да байырғы Түркістан елдерінің бірінен екінші бас-пәтер ашып, Анкарадағысымен қатар пайдаланса, оның жұмысы да тиімдірек бола түсетін сияқты.
19.04.2009ж.
Соңы.
[1] Бұл термин түрік халықтары деген мағанада қолданылып отыр.
“Алматы бастамасы” декларациясы 







