03 Сентябрь 2010 Жума 09:20:36

En Son:12:50:55 GMT

Buradasınız: ДТА Эрментай Султанмурат Alemdi jana Örkeniyet Kutkaradı

Alemdi jana Örkeniyet Kutkaradı

Э-почта Yazdır PDF

Дүниеқорлықты басты мақсат еткен батыс өркениетінің ықпалына түскен адамзат, әлемді толассыз күйзеліске жақындатып келеді.

 

                                                          

 

Түрік Халықтарының Бүкіләлемдік Ассамблеясының президенті

академик Ерментай СҰЛТАНМҰРАТтың

“Өркениеттер диалогындағы түркі әлемінің рөлі”

атты халықаралық симпозиумда жасайтын баяндамасы.

Алматы қаласы, 28-29 cәуір, 2009 жыл.

 

Әлемді  Жаңа Өркениет Құтқарады

Оны түріктер[1] бастай алама?

 

      Дүниеқорлықты басты мақсат еткен батыс өркениетінің ықпалына түскен адамзат, әлемді толассыз күйзеліске жақындатып келеді.

Кез келген қоғам көптеген құрамдардан тұрады. Қоғам өз жұмысын атқаруы үшін оның әрбір бөлігі барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз етіліп тұруы тиіс. Ал егер, әсіресе қоғамның өмір сүруі үшін сөзсіз қажет бөліктерінің біріне ресурстар келмей қалса, онда бұл бөліктің ғана емес, оған байланысты бөліктердің де жұмысы тоқтап, басқаларды да ақсай бастайды. Сөйтіп қазіргідегідей күйзеліс басталады.

Әдетте мұндай жетіспеушілік алпауыт топтардың өзімшілдік әрекеттерінің – жеңіл жолмен баюға бас ұруының салдарынан орын алады; олар ресурстарды тек пайда көп түсетін салаларға бағыттап, басқаларды қансыратып, тізбек үзілердей дәрежеде диспропорцияға келтіреді. Мысалы, қаржы негізінен өндірістік емес жылжымайтын мүлік салу саласына, процентке беріліп ақшадан ақша жасауға жұмсалып, олардан келген ауыртпалықтың салмағы бұл қоғам көтере алар мүмкіндіктің шеңберінен шығып кетсе. Осыған ұқсас себептердің салдарынан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Жапонияда экономикалық дағдарыс болған.

Сондықтанда қоғамды басқарушы құрылым, айталық үкімет қоғамның әр бөлігіне қажетті ресурстардың уақтылы жеткізіліп тұруын қадағалап, ахуал нашарласа араласып, қалайда шешіп отыруы тиіс. Бірақ басқарушы құрылымдардың тізгіні көбіне алпауыттардың қолында болғандықтан, олар алпауыттардың жолын кеспейді – нарық бәрін өзі реттейді деп сылтауратып мәселені лағытып жібереді.

    Бір елде, немесе бір топ елдерде болған мұндай диспропорция бұрынғы кездерде әлемнің мұндай келеңсіздікке ұшырамаған басқа елдерінің буферлік етуінің арқасында баяулап, басылып қайтадан қалпына келетін.

Қазір, жаһанданған жер қоғамы бір қауымдастыққа айналып, елдердің бәрі әлемдік алпауыт топтардың торына түскендіктен, соққыны қабылдап, бәсеңдетіп, күйзелгендерді күзейлістен шығаруға жәрдемдесер топ қалмады.

    Сонымен басымызға түскен қазіргі күйзеліс әлемді басқарушы құрылымдардың өз иелерінің мүддесін жоғары қойып, қоғамды өмірдің заңдылықтарына сай басқармауынан, жалпы бұл әлемді тойымсыздық билеп, бәрімізді өзінің жемтігі мен құлы еткендігінен орын алып отыр.

    Тойымсыздық, бүгінде алпауыт, мемлекеттік-монополистік империалистермен қатар олардың шашбауын көтеріп, еліктеп жүрген діни, нәсілдік, ұлттық, таптық, кәсіптік топтардың, адамдардың басым көпшілігіне яғни өркениеттердің бүткіл өкілдеріне тән қасиетке айналды.

Бұл “жетістікке” жетуде өркениеттердің бірі шешуші рөл атқарғанымен, қалғандары да сау “сиырдың сирағы емес”.

    Бұл жолға түсірген рухани ұстанымдар мен содан туындаған қоғамдық құрылыстың қызметінің әлемнің табиғи қажеттілігінен ауытқығаны соншама, оларды емдеп, жөнге салғансып бұрынғы жолмен дамыта беру мүмкін емес.  

Оның үстіне барлық өркениеттер тарихи құбылыс ретінде әр топтың ерекшеліктеріне, қажеттіктеріне сай қалыптасып, топ мүдделеріне қызмет ету үшін жаратылғандықтан, олар бір-бірімен тайталасын осылай жалғастыра бермек.

   

    Өркениеттер осындай бір-біріне қайшы келер мақсаттарға жетуге жанталаса тырысып отырса да, олардың мүләйімсіп өзара жүргізе бастаған диалогтарының адамзатқа берері шамалы. Өйткені олар адамзатты тұғырықтан шығаратын жол салудың орнына, мәселен қытайлықтар болашақ бәрібір біздікі деп асықпай аңдысын бағып отырса, батыс өзінің технологиялық үстемдігін пайдаланып әлемді өз ықпалына түгел түсіріп үлгірсем деп армандайды. Ыстық демі сезіле бастаған тағы да бір алып – үнді елінің де бір кіндігі ішінде екеніне күмәніміз жоқ болса, біздің көршіміз Ресей де үшінші Рим боламын деген арманын күрестің қай әдісін боласа да қолданып шешуден тайынар емес.

Сөйтіп бұл диалог, өркениеттер қайшылығының негізін өзгертуге, бар адамзатқа теңдік пен бауырластық әкелуге емес, өз нанымдарын, нұсқамаларын сақтай отырып, халықаралық қатынастарды жұмсартуға тырысқансып, көздегендері түбінде кімнің мәртебесі жоғары болар екен, оны әлі көреміз дегенге саяды.

Олай болса, әлемдік күштердің бұл үлкен ойында, көптеген халықтардың, оның ішінде сөгісі сетілген құрақ көрпешедей түрік әлемінің пікірімен санасатындығына шүбә келтірсек те болады. 

    Мұндай сөзбұйда, тек шаңы шыққаны болмаса мәні шамалы диалогта түрік әлемі бос таластың тобырын көбейтіп жүрген қосалқы сахналық топтың бірі ғана. Шынтуайтқа келгенде біз өркениеттер диалогы жүріп жатыр деп өзімізді өзіміз алдаусыратып, уақыттан ұтылып жүрміз. Шынайы өмірде өркениеттер күресі толастар емес. Оның нәтижесінде құдіреттілердің қай тобы басымдыққа ие болса да, біздің басымыз қатерден айырылмасы хақ.

Екінші жағынан жер қоғамының да қазіргі сырқаты тереңдей түсіп, бұл да өзалдына әлемді құрдымға жетелей бермек.

      Ал бір сәтте әлемдік күштердің санасы шайдай ашылып, олар адамзаттың қордаланған проблемаларын шешуді, ортақ мүдделерге қызмет етуді басты парызымыз деген ниет танытсада оны жүзеге асырар қауқары жоқ.

Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей, олар өкілі болып отырған әрбір өркениет адамзат топ-топ болып ғұмыр кешкен өткен дәуірлерде өз тобының мүддесін имандылыққа алаңдамай шешуге арналып қалыптасқан, сол себепті де бір біріне қарсы жойылмас қайшылықтар әрбір өркениеттің ындызында жатыр.  

   

     Сондықтанда адамзатқа бүгінгі күнмен қатар болашақта қажет болса, жер жүзі бір “ауылдай” қауымдастыққа айналған заманымызға сай жаңа өркениет қалыптастыра бастауы керек. Ол өркениет бұл “ауылда”, бар тұрғындарды жақындастырып, әділ, адамгершіл, үйлесімді қоғам орнатуды, қоршаған ортамен өзара тиімді қарым-қатынаста болуымызды талап ететін руханиятқа негізделуі тиіс.

Мұндай өркениет, егер оған деген ұмтылыс жеткілікті болса, тарихи тұрғыдан көп ұзамай-ақ өмірімізге ене бастап, жүдеген жаһанды жадырата бастауы әбден мүмкін. Сонда ғана адамдарды біріктірер рухани құндылықтар басымдана түсіп, адамзат парасатына сай қоғам құрып, жаңаша ғұмыр кешуін бастамақ.

   

    Ол үшін өркениеттер диалогы даурықпа әңгімені қойып, жерліктер үшін өмірлік маңызы бар осынау басты стратегиялық мақсатты жүзеге асыру туралы әлемдік “күлтөбеге” айналуы тиіс. Және де жаңа өркениетті іс жүзінде жасай бастау қажет. Бұл жөнінде түрік әлемінің тарихта теңдесі жоқ мүмкіндігі бар.

     Мұндай қадамға бізді қазіргі кезде түрік халықтарының өз бет-бейнесін сақтап, адамзат көшінен ығыстырылып қалмауы үшін шашырап, шаршаған байырғы өркениетін сомдандыра жаңғырту қажеттілігінің алдында тұрғандығы итермелейді.

Біздердің, сырты жылтырағанымен болмысы қара пиғылдың жібімен қоса өрілген батыстың жолына түсіп, көркейемін дегеніміз күткен нәтиже бермеді.

Олардың руханиятына бас иіп, қоғамдарының көшірмесін қолдану, олардың деңгейіне көтермек түгіл, бізді кез-келгенге қолжаулық ете бастады. Сөйте келе енжарлықтан айырылмаған кейбір халықтарымыз жаһандану дәуірінің алыптарының жемтігіне айналып, жоқ болып кетуі де ғажап емес.

Сондықтанда біз есімізді тез жиып, бұл әлемдегі орнымызды мызғымастай ететін жаңғырған руханият пен қоғамдық құрылысқа негізделген өркениет жолына түсуіміз қажет.

    Cанасы таза жандар мемлекеттік-монополиялық капитализм орнатқан, шектен щыққан тойымсыздықтың апатқа жетелейтінін шырылдап ескертіп, тиімді жолды көрсетумен келеді. Бірақ олардың дауысын, алпауыттардың “хош иісті, бірақ улынасихатымен еліткен тобырдың есіткісі де келмеді. Алпауыттар өздерін әшкерелейтін тұлғалардың, қозғалыстардың қай-қайсысын болмасын осындай топас тобырлардың көпшіліктігін батыс демокартиясы арқылы пайдаланып, басып тастауда.

Соған қарамастан болашағамызға негіз болатындығын, заман талабына сай екендігін өзінің өміршең жетістіктерімен дәлелдеген, бұл қоғамның қойнауын жарып шыққан бастамалар бар.

Соның бастыларының бірі, баршаға тірек – экономиканың халықтық капитализмін айтуға болады. Ол, әсіресе АҚШта, мемлекеттік ESOP бағдарламасы арқылы дамып, бүгінде ол елдің жұмыс күшінің он пайыздан астамын қамтып отырса, Испаниядағы баск елінің Мондрагон кооператив корпорейшн деген компаниясы жылына 15 миллиардтай еуроның сомасына тауар өндіріп, оның тамаша үлгісін көрсетіп отыр. Өйткені ол бар мүмкіндіктерді сарқи қолданудың арқасында, бәріміз “жасасын” деп жүрген классикалық капитализмнен 1,5 еседей ұтымды, оның табиғаты ешқандайда күйзеліске жол бермейді. Мұндай капитализмде әрбір адам, әрбір ұжым, әрбір компания, әрбір мемлекет өз еңбегінің жемісін өзі пайдаланады.

    Өткен жылы Қазақстан республикасының Президентінің әкімдігінде Түрік Халықтарының Бүкіләлемдік Ассамблеясының Қазақстанның Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекаралас аймақтарында айрықша экономикалық аудандар ұйымдастыру арқылы халықтық капитализмді игере бастау жөніндегі ұсынысын талқылау, қолданылғаны орынды болар деген тұжырымға келді.

Ұсынысқа сәйкес, ауданның мүмкін болған кәсіпорындарының негізінен түрік халықтарының өкілдерінен тұратын ұжымдарына жалға берілуі, ал ұжым, кәсіпорынды бірте-бірте тапқан табысымен сатып алуы тиіс.

Нәтижесінде ұжым мүшелері меншікке иелес болып, олардың, яғни түріктердің мүдде арқылы бірігуі басталады. Ал бұл кәсіпорындар өзін өзі басқарудың демократиялық жүйесін қолданып, сапалы да арзан өнім өндіріп, тіпті қытай тауар өндірушілерімен бәсекелесе алатын болады. Бұл арқылы біз түрік халықтарын төменнен біріктіре бастап, экономиканың ең тиімді үлгісіне көшіп, оны елге таратсақ, онда күйзелістен шынында да нығайып шығамыз. 

Мұндай халықтық капитализмнің экономикадағы үлесі үштен бірге жеткенде, оған үндес демократияның орын ала бастағаны жөн.

 

    Әліде санамыз пірдей тұтып жүрген классикалық капитализм мен батыстық демократия халықтың жасампаз күшінің қанат жаюына жол ашпай, адамдарды бір-біріне жұлмалатып, ал элиталарды билік үшін өзара таусылмас таласқа салып қояды. Мұндай әлек, нақты нысанаға жеткізіп тұрған сияқты болып көрінгенімен, ол жетістік көбіне сағымданып, сол әурешілік қайталана береді. Сөйтіп жалпыұлттық, әсіресе түпкілікті мақсаттармен айналысуға мүмкіндік қалмайды да. Ал коммерцияланған қоғамдық ғылым ойсананы тереңдетіп, кеңейтіп, көзқарас тудырып, халықтың көзін ашып, саясатқа бағыт берудің орнына өздерін асыраушы топтың саясатын дәріптеумен жүреді.

Соңғы ғасырды осындай алдамшы үмітпен өткізген анатөлілік бауырларымыз осы күнгі орташалау халіне де тек халқының асқан іскерлігінің, табиғатының оңтайлылығының арқасында ғана қол жеткізіп,  одан әрі аса алмай отыр.

    Демек түрік әлеміне батыс демократиясының солқылдақтығынан  құлан таза, экономикадағы халықтық капитализмге сай, мақсатымыздың жолынан тайдырмайтын халықтық демократия керек. Мұндай демократияның негізгі принциптері Біріккен Ұлттар Ұйымының басты баспасөз органының бетінде 1999 жылы жарық көріп, сол жылы Алматыда осы ұйымның эгидасымен арнайы өткізілген халықаралық форумда талқыланып, АҚШтың және Қазақстанның көрнекті ғылыми мекемелерінен қолдау тауып, тіпті мемлекеттік органдарымыздан да түсіністікке жетісті. Ол «дана халықтың басқаруы», қысқаша «дахабиялық» демократия деген атпен белгілі.

Дахабиялық демократия, әр халықты өзінің негізгі мүддесіне жетуге жұмылдырып, әрбір адамнан бастап мемлекетаралық деңгейге дейін әділдік пен адамгершілік орнатып, жан жақты үйлесімді қоғам орнататын құрал.

 

    Біздің алдыңғы тобымыз – анатөлдік бауырларымыз қоғамдық дамудың түріктік жолы – халықтық капитализм мен дахабиялық демократияны игерсе, онда элиталары ел болашағының басты мәселелері тұралы бас біріктіріп, халқы бар жігерін жасампаздыққа жұмсап, әлемге өнеге болар өркениет құра бастарына шүбе келтіруге болмайды. Мұндай қоғамдық құрылымға көшкен адамзаттың арасында бір-біріне көзалартарлық себеп қалмайды.

Бұл жолға түссе еңбекқор өзбек туыстарымызда оншақты жылдың өзінде-ақ асқан жетістіктерге жетер еді. Ал бәрінде басынан кешірген Кырғызстан үшін, бұдан басқа даму бағыты жоқ.

 

Түріктер осынау тоқырау дәуірінен өзіндік қоғамдық даму жолына түсіп, жаңарып, өркениеттің жаңа үлгісінің негізін қалап, оны адамзат үшін өнеге болар деңгейге көтере ала ма?

Иә.

Ол үшін мыңдаған жылдық тамыры бар түрік өркениетін топтастырып, жаңғырған руханият пен заманымызға сай қоғамдық дамудың түріктік жолына түсіп, жақсылықтың бәрін бойына жинаған жаңа өркениет қалыптастыра бастауымыз қажет. Соңғы бірнеше ғасыр бойы әлемдік көштің соңында сылтып келе жатқан түрік әлемі тек осындай өркениет арқылы ғана өзін сақтап, көш басына жақындай алады.

Оны жүзеге асырар түріктік рухы сөнбеген талантты халқымыз, байлық пен тарихқа толы кеңістік пен басқа да мүмкіндіктеріміз жетерлік.

Әттең, бірақ оған дайын емеспіз – бірлік жоқ, оның үстіне бізге батыстың сырқатының салқыны тиген.

 

    Біз, соңғы жиырма жылды манаусырап жүріп өткіздік. Кейбір әл-аухатты халықтардың өркениеттер диалогының мардымсыз отын маздатып қойып, уақыт өткен сайын өз позициясын нығайта отырып, болашақтан үміт күтуінде мән бар. Ал бізге, уақыт, жаһандану факторының арқасында қарсы жұмыс істеуде.

Сондықтанда түрік өркениетін сомдандыра жаңғыртып, түрік елдерінің бірлігін қамтамасыз ету арқылы ұсынылып отырған қоғамдық даму жүйесін игеріп, әлемде өзімізді тұғырымыздан тайдыра алмастай ететін позицияға орныға бастау – кезек күттірмейтін мақсат.

Бұл процесс Түрік, тым болмаса Орталық Азия мемлекеттерінің жұмысқа қабілетті Достастығын  ұйымдастырсақ қарқынды жүре бастар еді.

Сонымен қатар Түрік мемлекеттерінің парламентаралық Ассамблеясы, ТүркСОИ, ТИКО, Түрік мемлекеттері мен халықтарының достастық Құрылтайы, Түрік халықтарының бүкіләлемдік Ассамблеясы, Түрік жастарының халықаралық ұйымы, әртүрлі творчествалық одақтар және  басқа да халықаралық ұйымдардың осы ұлы мақсат бағытында жұмыс жүргізгені жөн.

Ал ТүрікСОИдың түрік халықтарының ортақ мәдени кеңістігін мығымдай дамытуды жоспарлы түрде жүзеге асыруы – заман талабы.

    Оның ең бастысы түрік халықтарының ортақ сөздері мен грамматикасына негізделген, бәрімізге түсінікті ортақ тіл жасау. Ол түрік халықтарын мызғымастай біріктіріп, білімдарлығын лезде көтеріп, жаңа өркениетке көшуімізді бірнеше рет жеңілдететін бірден бір жол. Бұл тіл арқылы бір-бірімізбен мәдениет пен ақпарат алмасуымыз шешіледі. Ол тілге өздеріміздің де, әлемнің де жетістіктерін аудару арқылы әрбір түрік баласының интеллектуальды деңгейін тез арада жоғарылатамыз. Әрбір түрік бұл тілмен жұмыс істейтін ақпарат кеңістігінде ғана түрік әлемі бір кеңістік екенін шынайы сезе бастайды.

Бұл жөнінде Түрік халықтарының бүкіләлемдік Ассамблеясының осы тілді жасау үшін арнайы құрған Анатүрік институты бірқатар жұмыстар жүргізіп жатыр. Болашақта бұл арабаны ТүрікСОИ мен бірге сүйрегеніміз оңды болар деген ойдамыз. Сонымен қатар, ортақ терминдер жөніндегі жұмысты қайта қолға алу керек.

 

    Түріктік қоғамдық құрлыс адамзаттың адамгершілікке негізделген өмірлік ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, екінші жағынан оны дамытып, қоғамның өмір сүру қағидасына айналдыра бастайды. Және де, жаңа өркениетте дінсіз болмас. Түрік халықтарының көпшілігі мұсылман болғанымен біздің будда, шамандық, тәңірлік, христиандық, иудайлық және т.б. діндердің ағымында жүріп жатқан халықтарымыз аз емес. Бірақ бұған қарамастан түрік халықтарының туысқандық бірлігі мызғымастай жоғары.

    Алайда, өкінішке орай, көптеген елдерде, әсіресе әлемдік ауқымда дін бүгінгі таңда адамзатты бөлшектеп, қарсы қойып отырған негізгі фактірлердің бірі болып отыр. Осындай, діни алауыздық билеп тұрған адамзаттың басын біріктіреміз деу, болашағы күмән талпыныс болмақ. Сондықтанда адамзатқа ортақ дін керек. Оған нәсілдікпен, діндерден жоғары тұрған, қазіргі адамзаттың атасы деп түсінілетін Нұх Пайғамбардың тұлғасы, оның өсиеттері негіз бола алады.

Демек барлық діннің дәмін татқан түрік әлемі, олардың бәрін қастерлей отырып, әлемде бір Пайғамбар – Нұх, аспанда бір Жаратушы деген діни нанымды басымды ету жолына түсіп, адамзаттың түбі бір екенін уағыздап, осы жолмен жақындасуға шақыруы тиіс.

    Біз осылай ғана, халықтық капитализм мен дахабиялық (яғни халықтық) демократия арқылы, жалпы адамзатқа ортақ, мүддесіне сай рухани құндылықтар арқылы өркениеттер қайшылығын бәсеңдете түсіп, тамыры, бар елдерден нәрленіп әлемдік рухпен ұштасқан жаңа өркениет қалыптастырып, бұл әлемді ұзақ та, үйлесімді өмірге бағыттай аламыз.

Сонымен түрік әлемі өркениеттер диалогындағы өз миссиясын атқаруы үшін:

-         өзінің ортақ мәдени кеңістігін сомдандыра отырып, өзара саяси жақындасу мен бірігуді шешіп, түрік өркениетін әлем өркениетін жер жаһанның қажеттілігіне сай бағытқа жетелей алатын етіп, жаңғырта қалыптастыруға кірісуі тиіс.            

                                                                                                         

Қазақстан, 9.04.2009 ж.

------------------------

 



[1] Бұл термин бұл еңбекте түрік халықтары деген мағанада қолданылған.

 

 

Our valuable member Ermentay Sultanmurat has been with us since 14 Июль 2008, Дүйшөмбү.

Contact e-mail: Е-почта спамботлордон зыйан болбошуу үчүн жашынды, аны көрүү үчүн tarayıcınızın Javascriptи болушу керек.

Show Other Articles

Seçilmiş Kitaplar


Seçilmiş Kitaplar


Share/Save/Bookmark