Түрік халықтарының бүкіл әлемдік Ассамблеясының президенті – академик Е.Сұлтанмұраттың – «Түрік мәдениетінің әлем мәдениетіне әсері» конференциясында жасаған баяндамасы.
3-6 желтоқсан, ж, Фетхие қаласы, Түркие.
Құрметті ханымдар мен мырзалар! Құрметті президиум! Құрметті Төраға!
Сіздерге бәріміздің орта ата-тегіміздің байырғы Отанының шаңырағын түтетіп, сақтап отырған түрік халқының бір бөлігі қазақ халқы атынан, және басшысы ретінде Түрік халықтарының бүкіләлемдік Ассамблеясының атынан сәлем беруге рухсат етіңіздер.
Баяндамамның тақырыбы:
«Түріктерде тек соңғы мүмкіндік қалды».
Түріктерге[1] қарсы жаппай жорық бес ғасыр бойы толассыз жалғасуда. Егер Россиямен Қытай жаулауға жарамдының бәрін жаулап бөлісуді 19 ғасырда тамамдаған болса, гректер Батыспен, орыстар армяндармен қосыла жабылып ең соңғы түрік мемлекетін өткен жүзжылдықтың басында жоя жаздады. Ататүрік бастаған түріктер өзіне тән жауынгерлікпен бұған тойтарыс бергенімен, шамалары тек қазіргі Түрік республикасы ретінде ғана сақталып қалуға жетті.
Алайда олардың жан дүниесіне біртіндеп іріткі түсуіне егемендік байрағы да тосқауыл бола алмады. Нәтижесінде өркениетіміздің анатөлдік тармағы да сетінеп, қазіргі түрік елдеріндегі сияқты бақалшылар қоғамына айналды. Сөйтіп Түркие Жапония, тым болмаса Корея сияқты дамып, түрік дүниесінің серкесіне айналмады.
Ал жаулап алу синдромы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері Кипрде[2], тоқсаныншы жылдары Әзірбайжанға қарсы қайталанып, оның жиырма пайыздай территориясын армяндық агрессорлар осы күнге дейін иемденіп отыр.
Империяларының өмірі ұзақ еместігін сезіп, оны құтқару мақсатында орыстар мен қытайлар бұратана халықтарды, оның ішінде бөздей тозып, қорғаушысыз қалған түріктерді де ай-шайға қарамай тездете ассимиляциялауда. Керек десеңіз біз оларға өзімізідің алаңғасарлығымызбен көмектесіп жатқандаймыз. Мысалы субъективтік және объективтік себептерге байланысты кейбір егемендік алған түрік елдерінде орыстану қарқынды жүріп жатыр.
Империя заманында, Қазақ кеңестік республикасында қолданылған құлдықтың орысша варианты – «крепостнойлық құқық» сияқты тәртіп бойынша қазақтарды қалаға негізінен қоныстандырмайтын, сондықтанда біздің ұлттық келбетіміз ауылда сақталып қалды. Ал қазіргі кезде қазақтар жан асырау үшін, тіпті билет сатушы болу үшінде орысша шүлдірлеуді талап ететін қалаларымызға қарай шұбырып, орыстануымыз күшейіп барады.
Кейбір орыстар сипаңдата мойындап отырғандай «...түріктерге қарсы бүткіл европа және орыстың тарих ғылымы...»[3] қарсы қойылған. Әрине мұндай ғылым – ғылым емес, өздерінің нәсілшіл, пайдакүнем пиғылдарын ақтайтын сандырақ. Бұл жалған ғылым қазір құтыра түсіп, керек десеңіз батыс пен колониалшыл мемлекеттер альянысы түрік халықтарын барынша ығыстыра түсу үстінде.
Қауіптілігі бұдан кем емес, түріктерді құрдымға жетелеуші екінші фактор – жаһандану. Түріктер жаһандануға дайын емес. Егер біздің елдерімізде бұдан әрі де қазіргі классикалық капитализм өктемдік ете берсе, біз ешқашанда бәсекеге сай бола алмаймыз. Еңбекқор кезбе қытайларға бүгіннің өзінде қай жағынан болса да ұтылып келеміз. Бұл жаһанданудан, біздің табиғи байлығымызға бәрі зәру болып тұрғанда қашып құтыла алмайсын.
Сөйтіп, күнделікті өмірдің күйбеңімен, және тым болмаса осы өмірімізді тойлап өтейік деп жүрген қандастарымыздың бізді күтіп тұрған «жарқын болашақ» тұралы ауыздың суын ағызар аңыздарымен бейқамданған түріктердің көпшілігі барса келместің жолына түскенін байқамауда.
Бізге қарсы ғасырлар бойы жүріп жатқан процесстерге етіміз де үйреніп кеткен. Ол процесстер қосарланған жаһанданумен күшіне мініп, мәрелеріне жетудің алдында. Ал біздің “бұл жойқынды жұмсартар” деген үмітпен жасап жүрген масаның ызыңындай сылбыр әрекеттерімізден мән шығар емес.
Егеменді мемлекеттеріміздің қатары көбейді деп манаусыраудың да қажеті жоқ. Олардың егеменділігі – шартты егеменділік. Бұл өркендеуімізге ашылған мүмкіндік қана. Оны пайдалану үшін, өзімізді басып бара жатқан тасқынды әлсіретіп, түрік елдерінің дамуын мақсатымызға сай арнаға бұра алатын стратегия керек.
Мұндай стратегия дәуіріміздің басты мақсаты – әрбір түрік және жақындасқан этностардың, жалпы түрік әлемінің аңсаған арманына сай ұлттық идеядан туындамақ. Біздің пікірімізше ол «әрбір адамның, халықтың күйлі-қоңды тұрмысын, еркіндігі мен теңдігін Түрік кеңістігінде, бүкіл әлемде түрік суперэтносын мығымдандырумен – түрік өркениетін жаңғырта көркейтумен қол жеткізу» дегенге сайиды.
Демек түрік халықтарының бүгіні мен ертеңін қамтамасыз ету үшін «түрік суперэтносын мығымдау, түрік өркениетін жаңғырта көркейту» керек. Бүгіндері түрік өркениеті дегеніміз жойылып, оның жұрнағы мұражайлар мен басқа да орындарда, біздің жадымызда ғана сақталған. Оны қайта жандандыру үшін бұл идея миллиондаған жандардың санасына ұялап, қоғамдық күш-қуатты оятып, қозғалысқа жетелеуі тиіс. Ал қазірше мұндай идеяны тек түріктік санасы тірі адамдар ғана қабылдай алмақ. Олардың мүмкіндігі осынау ұлы мақсатты жүзеге асыруға жеткілікті емес. Алайда олар жаңғырған түрік өркениетінің жобасын жасап, көпшілікке жеткізіп, бірге жүзеге асырыса да, керек болса оны басқара да алады.
Бұл істе ең бастысы түріктердің өмірлік көзқарасын, философиясын жаңғырта қалпына келтіріп, түрік әлемінің қоғамдық даму бағдарламасының негізін жасау болып табылады. Даму бағдарламамыз түрік әлемі өлі мен тірінің арасында келе жатқандықтан[4] ділімізге сай болып, тербеліс тудырумен қатар өркениетімізді тез арада – бірнеше онжылдықта қайта өркендете алатын болуы тиіс. Және де біз бұл зерттемелер көпшіліктің игілігіне айналып, әрбір түрікке ана сүтімен сіңетіндей етуіміз керек.
Осы мәселелермен Бүкіләлемдік Түрік Халықтары Ассамблеясы[5] өзінің 2007 жылы Қазақстанда өткен бесінші Құрылтайының шешіміне сәйкес айналысуда.

Құрылтайға қатысқан Бүкіләлемдік Түрік Халықтары Ассамблеясының лидерлері мен проф.У.А.Насыратуллаоглы.
Бұл Құрултайға қажымас тұраншыл Тұран Язған, профессор Байрам Байрактар мен құрамында басқа да тұлғалар бар Түркие делегациясы да қатысқан еді.
Атап айтқанда Татарстанда түріктердің өмірлік көзқарасын жаңғырта қалыптастыру орталығы белгілі ғалым Р.Мұхаметдиновтің, Қазақстанда Қоғамдық дамудың Түріктік жолы мен Анатүрік тілін жасау институттары академиктер Е.Сұлтанмұрат пен Б.Каримовтің басшылығымен жұмыс істеуде.
Сөз болып отырған мекемелеріміз орналасатын түрік халықтарының қоғамдық-мәдени орталығы – Тұран қалашығын салатын жер аталған Құрылтайда таңдалып, Қазақстан республикасы Президентінің әкімдігінде қаралып, қолдау тауып, жүзеге асырылуы басым жобалардың қатарына қосылған. Бұл Тұран қалашығы Оңтүстік Қазақстан облысының үш түрік мемлекеттері тоғысқан аймағында орналасқан.
Біз түрік әлемінің тағдырына тікелей байланысты осынау ізденістерді бірге жасауға бәріңізді де шақырамыз.
Біз орындап, ұсынып отырған қоғамдық дамудың түріктік жолы нарықтық экономиканың көптеген елдерде, мысалы АҚШта ESOP мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып жатқан, еңбеккерлердің меншігінен тұратын кәсіпорындардан тұратын қос факторлы моделіне негізделген[6]. Оның жалпы тиімділігі экономикалық дамудың белгілі түрлерінің қайсысынан болса да әлде қайда жоғары[7]. Ол Испаниядағы баск халқының Мондрагон кооперативтік коропорациясында өте бір шеберлікпен ұйымдастырылған. Оған тектес кәсіпорындар Түркияда да бар. Бұл кәсіпорындардың, әрбір еңбеккері меншік иелесі болып өздері үшін істейтіндіей болғандықтан тиімділігі өте жоғары. Біз кезінде, Қазақстанда осындай кәсіпорындарда түсіңе кірмейтін жоғары жетістіктерге қол жеткіздік.
Экономиканың осы моделін басымдықпен дамытсақ қана, біз әр адамның мүмкіндігін құрсаудан босатып, жасампаз етіп, кез келген артта қалған түрік елін тез арада экономикалық дамудың шыңына шығара аламыз.
Мұндай экономикалық базистің табиғи жалғасы дахабиялық – шынайы халықтық демокартия[8]. Ол тікелей және өкілеттілік демократияның рөлін гармонияластырған, әлем халықтарының мүддесіне – Жер дүниесі өркениетінің үстіміздегі даму кезеңінің талаптарына лайық демокартия.
Ол басқарушы топтардың жөнсіз пиғылына бой бермей, оларды өз халқының мүддесіне сөзсіз қызмет еттіретін жүйе. Ол өзімшілдердің билік арқылы өз дегеніне қол жеткізуіне ешбір мүмкіндік қалдырмайды. Дахабиялық демократия бұлай етуге келесі басшыларға да мүмкіндік бермейді, егер айтқандарына көнбеген басшыны теріс мүделлілер ебін тауып тағынан тайдырған болса. Елдеріміздің өз жолына түсуін қамтамасыз етуде бұл қағидалардың шешуші маңызы бар.
Экономиканың қос факторлы моделі мен дахабиялық демократияның маңызы санамыздың қоғамдық сипатынан, теңдікке, еркіндікке ұмтылдырған өмірлік көзқарасымыздан туындап, біздің мақсатымызға сай болып тұр.
Сонымен бұлар қоғамдық дамудың Түріктік жолының негізін құрайды.
Халықтарымыз, ұсынылып отырған қоғамдық дамудың Түріктік жолын қабылдаса өздерін сақтап қана қоймай, Түрік Одағы арқылы әлем мәдениетіне – өркениетіне әсер ете аларлық субъектіге айналады. Бұл, Моңголстаннан Ақ теңізге дейін созылып жататын Одақ, қытай-үнді миграциясына тосқауыл кемер болмақ. Сондықтанда «түрік кемерінің» қалыптасуына, қалқаны үгілген Европа халықтары да мүдделі болуы тиіс, өйткені бұл олардың этникалық өзіндігін сақтап, табиғи дамуына жағдай жасайды.
Құрметті ғалым мырзалар!
Сіздер түрік халықтарының сомдана түсуі үшін тіл байланысы құралының қаншама маңызы бар екенін терең түсінесіздер.
Мыңдаған жылдық тарихымызда туындап, шынығып, түрік жан дүниесінің айнасы мен оның айырылмас бөлігіне айналған тіл ғана мұндай рөлді атқаруға лайық. Осындай деп бүгінгі қолданылып жүрген тілдің бірін атау, туысқан халықтардың арасында алауыздық пен өкпе тудыратын этикалық, саяси көргенсіздік болар еді. Осыларды ескере отырып біздің Анатүрік институтымыз жалпы түріктік тілді бәрімізге ортақ сөздер мен ұғымдардың негізінде қалыптастырумен шұғылдануда. Осының арқасында бұл тіл біздің ата-бабаларымыз қолданған тілге ұқсас болып шықпақ, сол себепті де бұл тілді біз ана тіліміз - «анатүрік» тілі деп атамақпыз. «Анатүрік» сөйтіп түрік этногенезінің табиғи туындысы іспетті, өзіне негіз болған түріктердің өмірлік көзқарасын да оятып, онымен қайшылықсыз, әрі қарай да үндестікпен дами түспек.
Бірақ қаржының жоқтығы бұл іске тежеу болып тұр. Мұндай сәттерде Бүкіләлемдік еврей конгресі жер жүзін басқарып отырса, неге Түрік Ассамблеясы кедейшіліктің кебінінде деген ойға кетесін. Кезінде Түркияның премьер-министрі Месут Иылмаз сынды тұлғалар, айталық біздің 1997 жылы Измирде өткен Құрылтайымызда бәрімізбен қатар отырған еді ғой?
Қаржы жеткілікті болса анатүрікті екі жылда жазбаша пайданаларлық дәрежеге жеткізіп, ұлы И.Ғаспыралының ісін жалпытүріктік «Тәржімән» газетін де шығарып жалғастырар едік. Әрине бұл оны істетудің бір тәсілі ғана. Ал тағы да екі жылдан соң анатүрікке дауыс бітіріп, электрондық БАҚ арқылы да, күнделікті қарым-қатынасымызда да қолдана бастар едік.
Анатүрікті дүниеге келтіру приниптері оны түріктердің демокартиялық қарым-қатынас құралы етіп, қазіргі бар тілдеріміздің де дамуына ықпал етер еді. Өйткені ол бар тілдерімізбен үндес, антогонист емес – орыс, қытай, т.б. тілдер сияқты. Ол ғылым, мәдениет, информация тіліне айнала келе, тіпті ауылдарда өмірі өтіп жатқан түріктердің де интеллектуалды деңгейінің тез арада жоғарылауына мүмкіндік жасап, болашақта әлемдік тілдер қатарына қосылар еді. Анатүрік жалпытүріктік мәдени кеңістікті қалпына келтірудің әсерлі құралы болып, тәуелді түріктерді, айталық идеологияланған орыс тілді информациялық алаңның ықпалынан құтқарар еді.
Ал кейбір қазақтар қазақ тілін жалпытүрік тілі болғанын қалайды – ойлап қарасаңыз президент Н.Назарбаевтың қазақ тілі өзінің түп тамырынан алыстай қоймаған түрік тілдерінің бірі дегені шындықтан алыс емес сияқты. Бұдан басқа да пікірлер жетерлік. Османдықтардың өз тілін жалпытүріктік ететіндеріне де сенімі мол.
Өстіп бір шешімге келе алмай, өзі келген мүмкіндіктің жиырма жылын босқа өткіздік. Сөйтіп сөзбен жүре берсек бірлігіміздің негізі болар тілдің де керегі де болмай қалуы мүмкін. Сондықтан да қалған үмітті жоғалтпай, алаңдамай, анатүрікті қалыптастырайық. Бұл болашаққа ұмтылған талпыныстарымызды жүзеге асырудың қуатты құралы болмақ. Ол қалай болғанда да бірлік арқылы бәрімізді жарқын өмірге жетелеушілерге леп бермек, егер олардың баз біреулері бірліктің ұранын жамылып, өзімшіл пиғылын іске асырсақ деген жолда болмаса.
Құрметті достар!
Бұл айтылғандар түрік әлемінде бәрімізді бірге аяққа тұрғызу жолында жасалынып жатқан талпыныстардың бір көрінісі ғана. Түрік гуманитарлық ілімі өткенді сараптап, болашақты меңзеу үшін қоян қолтық жұмыс істеуі керек. Бұл, президент Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Түрік мемлекеттерінің басшыларының Нахичеванда кездесуіндегі шешіміне сәйкес құрылатын Түрік елдерінің ортақ академиясында тиісті деңгейде жүзеге асар еді. Біздің ойымызша бұл академияны Тұран қалашығында орналастыру қай жағынан болсада орынды болмақ[9]. Біз бұл жөнінде сіздермен түсіністік табармыз деген ойдамыз.
...Біздің Үкіметтеріміздің әрқайсысы түрік бірлігі десе түсі бұзылатын алпауыт елдердің «тұсауында» жүрседе бұл бағытта кейінгі жылдары бірқатар игі қадамдар жасады. Түрік мемлекеттерінің парламентаралық Ассамблеясы құрылып, Түрік Кеңесі ұйымдастырылатын болып, түрік елдерінің жақындасуын күшейте түсетін басқа да шаралар белгіленді. Бірақ осыған сай қоғамдық серпіліс байқалар емес. Қырғызстаннан басқа елдерімізде Түркістан, Тұран сипатты қозғалыстар мен партиялардың өмірге келіп, ұмытыла бастағандарының бой көтергісі келгені байқалмайды. Егер олар жоқ болса Парламентаралық Ассамблеяда кім істемек?
Түрік бірлігі бағытындағы іс-әрекеттердің өрбуі, мұны мақсат тұтқан партиялардың жалпытүріктік халықаралық ұйымы болғанын қажет етері анық.
Тек осылар сияқты ұйымдар ғана халықтарымызды түрікшілдік идеясымен суғарып, оны жүзеге асыра бастай алады. Алайда, өз халқының тағдыры мазалайтын қай қоғамдық топ, саяси күштерге болмасын түрікшілдік идеясы жат емес, өйткені түрік бірлігі – біздің болашағымыз, демек жалпыұлттық мақсат.
Бүгіндері жалпытүріктік жиындардан кейбір түрік елдерінің, оның басшыларының, мысалы Өзбекстан Президенті Кәрімовтың шет қалып жүргенін байқамау мүмкін емес. Әйтседе ол кісі түрік ынтымақтастығына берілгендігін іспен дәлелдеп жүрген көрнекті тұлға емеспе? Әзірбайжан мен Түркіменстанның басшылары И.Әлиев пен Қ.Бердімухамедовте жастарға тән мейірбандықпен бір-бірімен түсіністік таба алмай жүр. Оларды таластырып тұрған Каспидегі телім тұралы мәселені Түрік Кеңесінде қарап шешімін табу керек. Керек десеңіз бұл жерді Түрік Кеңесінің қарамағына беріп, одан шыққан қазба байлықтан түскен табысты жалпытүріктік жобаларды жүзеге асыруға пайдаланса да артық болмас. Бұл бірлігіміз ортақ руханият пен материалдық тұғырнамада гүлденетін болашағымыздың жылт еткен бір сипаты болар еді.
Сонымен қатар туысқан түрік мемлекеттерінің басшыларының арасындағы кездесулерде кейбір протоколдық құрғақ әдеттердің орынсыз орын алып жүргені байқалады. Мысалы, қонақ президентті әуежайда оның әріптесінің орнына “барып-кел, шауып келдің” бірі қарсы алады. Мұндай қылықтар екі басшының өзара силастығын, түсіністігін күшейтеді деп айтуға болмас. Марқұм Гейдар Әлиев мұндай көргенсіздіктерге мән бермей, шешілуге тиіс мәселенің мәнін жоғары қоятын.
Менің ойымша, туа туысынан дипломат сияқты көрініп жүрген Түркия президенті А.Гүл, болашақты ойлаған Т.Озал сияқты түрік басшыларының басын қайта қоса алады. Біз Түрік мемлекеттері мен халықтарының кезекті Құрылтайының Төралқасынан олардың бәрін бірге көргіміз келеді.
...Осында отырғандардың көпшілігі мәдениет саласын зерттеушілер болғандықтан Сіздерге «Түрік халықтарының бірлесу» мерекесін бірге насихаттап, таратумен, керек болса заңдастырумен бірге айналысуды ұсынамын. Саяси конъюнктураға сай бұл мейрам «Түрік халықтарының мәдениеті күні», «Түрік халықтарының күні» деп те аталса да болар. Ең бастысы мұндай болашақты меңзеген, түрік әлемінің шар тарапында өткізілетін түріктердің мәңгі мейрамы түрік халықтарын, олардың мәдениетін жақындастыруда теңдесі жоқ жоғары нәтиже берер еді. Біз бұл мерекені тұңғыш рет биылғы 20 маусымда Қазақстанның Қырғызыстанмен қаптарлас қаласы Меркіде түрік халықтарының өкілдерінің қатысуымен өткіздік[10].
Құрметті бауырлар!
Сізбен біздің, замандастарымыздың үлесіне бес ғасыр бойы қордаланған қиыншылықтарды қысқа мерзімде шешудің ауыр жүгі түсіп тұр. Түрікшілдікті шаңы шыққан, тартымды идеологияға айналдырып, оны «санаға сіңдіріп, түрік халықтарының өзінің кім екенін аңғартып, ділі мен сезімдеріне кіргізіп, олардың туы»[11], қимылдарына жол сілтеуші ететін кез келді. Біз бұл мақсатымызға әрбір интеллектуал, ол тіпті математик болса да шамалы болса да көңіл болсе жетеміз.
Біз түрік әлемінің ойшылдары бірігіп, үкіметтеріміз бен ауыртпалықты бірге көтеріп, қолма-қол істесек бұл миссияны ойдағыдай атқарамыз.
Бізді бұл жолда ата-бабаларымыздың рухы қолдасын!
Бәріңізге де, Түркияның Насратулла мырза бастаған Фолькор зерттеу институтына, Фетхия қаласының әкімдігіне Ассамблеямыздың түрік әлемінің кейбір стратегиялық мәселелері туралы позициясымен сіздерді таныстыруға берген мүмкіндігі үшін ризашылығымды білдіріп, баяндамамды аяқтауға рухсат етіңіздер!
Соңы.
[1] Бүкіл түрік халықтары деген мағанада.
[2] Егер АҚШ Туркиені НАТО блогы бойынша өзіне қажеттілеу әріптес деп есептемесе бұл қысқа соғыстың немен бітері белгісіз еді.
[3] «О книге М. Аджи «Европа, тюрки, Великая Степь», Дм.Верхотуров, газета «Книголюб» № 11, 2005. г.Москва.
[4] «Перспективы тюркской идеологии», Р.Безертинов, газета "Безнен юл", №6, декабрь, 2004 г. Татарстан.
[5] Бұл ұйым 1990 жылы Москвада ұйымдастырылып, 1997 жылғы Измирдегі Құрылтайында Бүкіләлемдік статус алды.
[6] «Тюркский пояс стабильности (ЕврАзии)», Е.Султанмурат, Р.Мухаметдинов, Б.Каримов. Казань, 2009г.
[7] The National Center for Employee Ownership, www.nceo.org; Kelso Institute for the Study of Economic Systems, www.kelsoinstitute.org; Ohio Employee Ownership Center, http://cog.kent.edu/index.html; Mondragon cooperative corporation – MCC, www.mondragon-corporation.com
[8] «Transformation of the World», Y.Sultanmurat, “Civilisation”, Almaty, 2002.
[9] http://www.turkbirlik.gen.tr/lang-tr/dta/ermentay-sultanmurat/985-turk-aleminin-akedemisi-turanda-boluvi-tiyis.html
[10] http://www.turkbirlik.gen.tr/lang-tr/dta/803-turk-halklarinin-gunu.html
[11] «Тюркизм и пантюркизм», И.Гилязов, Н.Горошков, С.Червонная, журнал «Ас-Алан». - Москва, 2003. №1 (10).








